Экономист Айбар Олжаев Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін анықтау әдістемесіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz автордың парақшасына сілтеме жасап.
Оның айтуынлша, бұл мәселе тек өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы тариф дауы емес, елдің ұзақмерзімді өнеркәсіптік саясатына қатысты.
Олжаев Қазақстанда кен өндіру мен байыту саласы дамығанымен, жаңа ірі мыс балқыту қуаттарының өсуі баяу болғанын атап өтті. Оның пікірінше, егер ішкі өңдеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болса, концентрат шетелдегі зауыттарға кетеді. Бұл жағдайда Қазақстан инвестиция, жұмыс орындары және технологиялық құзыреттердің бір бөлігінен айырылады.
Экономист жаңа әдістеме өндірушілер мен өңдеушілер үшін түсінікті әрі болжамды ережелер қалыптастыруы тиіс деп есептейді. Сонымен бірге тариф құрамындағы инвестициялық шығындар нақты жобалармен байланысты, негізделген және ашық болуы қажет.
Олжаев әлемдік TC/RC көрсеткіштерін де ескеру керектігін, бірақ оларды Қазақстан жағдайына тікелей көшіру дұрыс еместігін айтады. Себебі металлургиялық кәсіпорындардың электр энергиясы, жөндеу, экология және жабдыққа байланысты нақты шығындары сақталады.
Оның пікірінше, негізгі міндет — кен өндіру саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтап, сонымен қатар ел ішіндегі өңдеу қуаттарын жаңғыртуға жағдай жасау.
Айбар Олжаевтың айтуынша, мәселе бірнеше долларлық тариф айырмасында емес. Негізгі мақсат — Қазақстанда жоғары деңгейде өңделген өнім өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді және тұрақты ережелер қалыптастыру.