Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бай адамдар өте көп, бөліскісі келмейді. Түсінбеймін...»: Баян Алагөзова өткір үндеу жасады (ВИДЕО)

18:04, 16 қыркүйек 2026

Белгілі продюсер Баян Алагөзова танымал актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлаудағы негізгі мақсатын түсіндіріп, бұл қадамын арзан абырой жинау деп бағалағандарға жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Тележүргізуші Аман Тасығанға берген сұқбатында продюсер бұл әрекеті арқылы өнер ардагерлерінің тұрмыстық халін жұртшылықтың назарына аударып, қалталы азаматтарды қайырымдылық жасауға шақырғысы келгенін жеткізді. Оның айтуынша, баспанасыз жүрген өнер иелерінің жағдайы қоғамда кеңінен сөз болуы тиіс.

«Бұл әрекетімді пиар үшін жасаған жоқпын. Біріншіден, Меруерт Өтекешованың баспанасы жоқ екені көпшілікке жария болды. Екіншіден, арамызда тұрмыстық жағдайы нашар өнер иелері өте көп. Мен өз әрекетім арқылы басқаларға үлгі көрсеткім келді. Елімізде, аймақтарда жағдайы бар, бай адамдар өте көп, бірақ олар неге екені белгісіз, бөліскісі келмейді. Мен ондай адамдарды түсінбеймін. Егер сенде мүмкіндік болып тұрса, неге өзгеге қол ұшын бермеске? Адам қанша бай болса да, бір уақытта он көйлекті қабаттап кие алмайды немесе бір ішкенде алты табақ көжені жеп қоя алмайды ғой. Тапқан дүниеңді өзіңмен бірге алып кете алмайсың. Сондықтан мүмкіндік болса, мұқтаждарға бөлісу керек», — деді Баян Алагөзова.

Продюсер мәдениет саласында ондаған жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан аға буын өкілдерінің қаржылық тауқымет тартып жүргенін ашына баяндады. Ол 150-200 мың теңге төңірегіндегі зейнетақының коммуналдық шығындардан артылмайтынын айтып, оларға қолдау көрсету азаматтық бұрыш екенін баса айтты.

«Мәдениет саласында 30-40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққанда үйсіз-күйсіз, тар ақшаға қарап қалған әртістеріміз қаншама. Зейнетақысы 150-200 мың теңге, оның өзі коммуналдық төлемдерден артылмайды. Оларға неге көмектеспеске? Мен мұны атымды шығару үшін емес, «жағдайымыз келсе, өзгелерге көмектесейік» деген азаматтық үндеу ретінде жасадым. Осыны көріп, басқа да мүмкіндігі бар жандар сабақ алса екен дедім», — деп толықтырды продюсер.

Сонымен қатар Баян Алагөзова Халық әртісі немесе Еңбек сіңірген қайраткер деген атағы болса да, ар-намысы жібермей, көмек сұрай алмайтын ұяң өнер иелерінің бар екенін айтты. Ол әріптестері мен жақындарын ардагер тұлғалардың жағдайына бейжай қарамауға шақырды.

«Арамызда табиғатынан ұяң, сұрануға арланатын өнер иелері де өте көп. Қанша жерден Халық әртісі, Еңбек сіңірген қайраткер болса да, біреуден көмек сұрай алмайды. Талантты болу — пысық немесе арсыз болу деген сөз емес. Солардың жағдайын білетін жақындары, әріптестері болса, елге жеткізіп, көмектесуге мұрындық болса деймін. Біз бәріміз адамбыз, өнерге еңбегі сіңген тұлғаларымызға жанашырлық таныту — ортақ парызымыз», — деп сөзін түйіндеді Баян Алагөзова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар