Маңғыстау облысында ауыр жол апаты болып, төрт адамның өмірі қиылды. Тағы төрт жолаушы әртүрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген, деп жазады Alash.KZ.
Жол-көлік оқиғасы 16 қыркүйек күні кешкі сағат 20:30 шамасында Ақтау–Бейнеу автожолында тіркелген.
Облыстық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, Toyota Camry Жетібайдан Шетпе ауылы бағытына қарай қозғалған. Жол үстінде көліктің алдынан түйе шығып, жүргізуші жануарды қағып кеткен.
Соққыдан кейін автомобиль қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Апат салдарынан көліктегі төрт адам оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды. Тағы төрт адам дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жол апатына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.