Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бюджет қалай жұмсалады?». Маңызды! Вице-министр 3 жылдық жоспарды ұсынды

11:31, 17 қыркүйек 2026

ҚР Құрылтайының отырысында «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы аясында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасады, деп хабарлайды Alash.kz.

Оның айтуынша, елдің басты қаржылық құжаты экономиканың ағымдағы ахуалы мен барлық макроэкономикалық тәуекелдерді ескере отырып әзірленген. 

Вице-министр бюджеттің басты мақсаты экономикалық өсімді ынталандыру, мемлекеттің азаматтар алдындағы міндеттемелерін орындау және қаржылық тәртіп арасында теңгерім табу екенін атап өтті. Заң жобасы 37 баптан тұрады.

«2027 жылдың 3 негізгі көрсеткіші: кірістер — 25,4 трлн теңге, шығыстар — 30,2 трлн теңге, тапшылық — 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3%-ды құрайды. Бұл ретте атап өту қажет, бюджет тапшылығының 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендеуі болжануда. Мемлекеттің меншікті кіріс базасы нығаюда. Меншікті кірістер 2029 жылға қарай 23,4 трлн теңгеге дейін өседі», — деді Абзал Бейсенбекұлы.

Бюджет жобасында 5 негізгі бағыт белгіленген: адами капиталға инвестициялар, өңірлерді қолдау, қауіпсіздік және мемлекеттік басқару, экономиканың нақты секторы, сондай-ақ мемлекеттік борышқа қызмет көрсету.

Вице-министр ең басты басымдық адами капиталға берілетінін жеткізді. 2027 жылы бұл салаға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35%-ы бөлінеді.

«Әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстар 6,9 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте әлеуметтік қолдауда атаулы тәсіл сақталады. Денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге көзделген. Мысалы, 2027 жылдан бастап пилоттық режимде 4 өңірде өкпе обырының алдын алу скринингі енгізіледі. Сонымен қатар 11 жастағы ұлдарға папиллома вирусына қарсы вакцина салу жоспарланып отыр. Әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру бойынша іс-шаралар есебінен 702 млрд теңге оңтайландырылды», — деп атап өтті баяндамашы.

Білім мен ғылым сапасын арттыру мақсатында сауықтырумен 18 мың бала қамтылып, 76 мың ұстаздың біліктілігі арттырылады. Студенттер үшін жатақханаларда 25 мыңға жуық қосымша орын ашылып, түлектерді жұмысқа орналастыру үлесін 79%-ға дейін жеткізу межеленген. Ғылымдағы жаңа жобаларға 60,4 млрд теңге қарастырылған.

Өңірлерді қолдауға қазынаның төрттен бір бөлігі, яғни 7,4 трлн теңге (24,8%) бағытталады. Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 2025 жылдың қорытындысымен 9,3 трлн теңгеге жеткен. Төлемдердің жаңа түрлерін жергілікті деңгейге беру арқылы олардың кірісі тағы 100 млрд теңгеге артады.

Экономиканың нақты секторына 2027 жылы 3,7 трлн теңге бөлінеді. Көлік инфрақұрылымына 447 млрд теңге, республикалық жолдарға 105 млрд теңге, АӨК жобаларына 372 млрд теңге, өнеркәсіп пен құрылысқа 411 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ ХҚҚДБ қарыздары есебінен жасанды интеллектіні дамыту арқылы жыл сайын 6,5 мың маман даярланады. Ал экономиканы ынталандыратын шығыстар көлемі 1,6 трлн теңгені құрайды.

«Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге көзделген. Оның 4,4 трлн теңгесі көлік, әлеуметтік сала, энергетика мен су ресурстарына бағытталады. Жобалар нәтижесінде 31 мың жұмыс орны ашылып, бюджетке 3,7 трлн теңге салық түседі. Бұл инфрақұрылым 13 миллион азаматтың қажеттілігін өтейді», — деді вице-министр.

Қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағытына 4,9 трлн теңге бөлінеді, оның 3,3 трлн теңгесі күш блогына тиесілі. Қосымша қаражат есебінен күш органдары қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне 95 млрд теңге, LRT желісіне байланысты ІІМ қызметкерлерінің санын арттыруға 2,3 млрд теңге, ал Қазақстан Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге қарастырылған.

Сөзінің соңында Абзал Бейсенбекұлы мемлекеттік органдардың бастапқыда 36,9 трлн теңге сұратқанын, алайда жан-жақты сараптамадан кейін 6,7 трлн теңге шығыс қысқартылып, 30,2 трлн теңге қолдау тапқанын жеткізді. Оның ішінде 5,1 трлн теңге негізсіз сұраныс ретінде кері қайтарылған. Бюджеттік шолулар мен қайта қарау нәтижесінде 47,5 млрд теңгеден астам қаражат оңтайландырылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар