Отандық қос спортшы Жалғас Жұмағалиев пен Ерасыл Ғабдулманаптың антидопинг ережелерін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Халықаралық антидопинг агенттігінің (ITA) мәліметінше, олардан алынған сараптама қорытындысы бойынша ағзаларынан тыйым салынған дәрілік заттар табылған. Осыған байланысты қос балуан уақытша жарыстардан шеттетілді. Спортшылардың допинг-сынамалары осы жылдың сәуір айында Ереван қаласында өткен Самбодан әлем кубогы кезінде алынған болатын.
Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазақстандық самбошылардың сараптама үлгілерінен мельдоний мен дростанолон метаболиті анықталған. Қазіргі уақытта ереже бұзған спортшыларға бұл жағдай туралы ресми түрде хабарланды. Сондай-ақ оларға өздерін ақтап алу үшін «В» тобындағы қан сынамаларын қайта тексеруді талап ету құқығы бар екені ескертілген.
Егер алдағы уақытта қайталанған «В» сынамасының қорытындысы алғашқы «А» нәтижесін растайтын болса, бұл антидопинг талаптарының бұзылғанын нақты айғақтайды. Дегенмен, мамандар екінші қайтара тексеріс жүргізілмеген күннің өзінде, қазіргі анықталған деректің өзі ережені бұзу болып есептелетінін алға тартуда. ITA-ның қолданыстағы ережелеріне сәйкес, Жұмағалиев пен Ғабдулманапқа қатысты уақытша дисквалификация жарияланды, ал олардың спорттан толықтай шеттетілуінің нақты мерзімі алдағы уақытта белгілі болады.