Әлеуметтік желілерде кәмелетке толмаған қызды алып қашып, кейіннен зорлады деген ақпарат тарап, қоғамның қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша ресми тергеу амалдарының басталғанын растады.
Жарияланған видеоларда жәбірленуші өзін күштеп алып қашып, ұйымдасқан түрде белгілі бір үйге әкелгенін баяндайды. Оның айтуынша, күдіктінің жақындары оны сол үйде қалуға үгіттеп, соңында «ешқандай шағымым жоқ» деген мазмұнда хат жазуға мәжбүрлеген. Бойжеткен өзінің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, алайда кінәлі тұлғалардың әлі күнге дейін тиісті жазасын алмағанын алға тартуда.
Полиция бұл іске қатысты келесідей мәлімдеме жасады:
«Шымкент қаласының полиция департаменті қыздың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іске қатысы бар барлық тұлға полиция басқармасына жеткізілді. Істің барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары кешенді жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады».