Дональд Трамп Ирандағы саяси режимнің өзгеруіне және аймақтағы әскери жағдайдың шиеленісуіне байланысты жаңа үндеу жариялады, деп жазады Alash.kz.
Ақ үй басшысы өз мәлімдемесінде Тегеранның ондаған жылдарға созылған басқару жүйесі аяқталуға жақын екенін және елдің болашағы алдағы уақытта шешілетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл кезең әлем тарихындағы ең маңызды сәттердің бірі болмақ.
Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында Иран өркениетінің жойылу қаупі туралы жазып, елдегі биліктің түбегейлі ауысуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін екенін меңзеді. Ол өз жазбасында:
«Бүгін түнде тұтас бір өркениет құрдымға кетеді және ол ешқашан қайта жаңғырмайды. Мен мұның болғанын қаламаймын, бірақ, сірә, солай болатын сияқты. Дегенмен, қазір бізде режим толықтай ауысқан кезде, басқару тізгініне анағұрлым ақылды және радикалды емес топтар келгенде, мүмкін революциялық сипаттағы керемет бір дүние орын алар, кім білсін?» - деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол Ирандағы соңғы 47 жыл ішіндегі басқару стилін жемқорлықпен байланыстырып, бұл дәуірдің таяуда аяқталатынын жеткізді.
Бұған дейін АҚШ тарапы Иран билігіне Ормуз бұғазын ашу және жаңа келісімшарттарға отыру жөнінде бірнеше мәрте талап қойған болатын. Бұл шарттар орындалмаған жағдайда, Вашингтон Иранның стратегиялық инфрақұрылымдарына, атап айтқанда, электр станциялары мен көпірлеріне соққы жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Трамп бұған дейінгі сөздерінде де елді қысқа мерзім ішінде күйретуге әскери әлеуеттің жететінін бірнеше рет ескерткен еді. Ол өз сөзінде бұл шешуші сәттің кез келген уақытта, тіпті жақын арада орын алуы ықтимал екенін де қадап айтты.