Созақ ауданындағы Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі толық жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді. Тарихи нысанды қалпына келтіру жұмыстарын Тимур Құлыбаевтың “Halyk” қайырымдылық қоры жүзеге асырды.

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен тұрғындар қатысты. Қонақтар кесенені аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі.
Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі XVIII ғасырдан бастау алатын тарихи-мәдени мұра нысаны саналады. Ол «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы 100 ұлттық қасиетті нысанның қатарына енген.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, академик Асқар Құлыбаев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, тарихи мұраны сақтаудың маңызын атап өтті. Сонымен бірге қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков игі іс-шараға қатысты.

Жоба аясында кесенемен қатар қонақүй, асхана және кесене қараушысының үйі жөнделіп, зияратшыларға қолайлы жағдай жасалды. Қалпына келтіру жұмыстары ғылыми-реставрациялық құжаттама негізінде жүргізілді.
Айта кетейік, “Halyk” қайырымдылық қоры соңғы 10 жылда білім, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау бағыттарында 100 млрд теңгеден астам қаржыға 200-ден астам жобаны жүзеге асырған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі