Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Түркістан облысында 600 гектарға жуық күріш алқабы сусыз қалды

10:06, 21 шілде 2026

Түркістан облысында суару маусымының қызған шағында 35-ке жуық шаруа қожалығы су тапшылығына тап болды. Соның салдарынан шамамен 600 гектар күріш алқабы зардап шекті, деп жазады Alash.kz.

Мамандардың мәліметінше, мәселенің негізгі себебі – бекітілген лимиттен тыс күріш егілуі. Егіс науқаны басталмай тұрып-ақ өңірлерге су пайдалану лимиттері бекітіліп, күріш егу көлеміне нақты шектеулер қойылған болатын.

Өткен жылдың желтоқсан айында Премьер-Министр Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің әкімдіктеріне былтырғы су тапшылығының қайталануына жол бермеуді тапсырған еді. Осыған байланысты су көлемі алдын ала есептеліп, су көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын қысқарту және бекітілген жоспардан артық егіске жол бермеу міндеттелді.

Су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктері су лимиттерін өңірлер арасында бөліп, бекітілген көлемнен тыс су берілмейтінін алдын ала ескерткен. Сондай-ақ мұндай егістіктерге келген шығын мемлекет тарапынан өтелмейтіні де хабарланған.

Мемлекет өз тарапынан суару жүйесін дайындау жұмыстарын толық жүргізді. «Қазсушар» кәсіпорны 1840 шақырымға жуық каналды тазалап, жүздеген шақырым ирригациялық желіні қалпына келтірді және гидротехникалық нысандарды жөндеді. Сонымен қатар суды цифрлық есепке алу, электронды келісімшарттар мен ғарыштық мониторинг жүйесі енгізілуде.

Биыл Сырдария бассейніндегі су көлемінің азаюына байланысты Қазақстанға келетін су мөлшері орташа көпжылдық деңгейдің шамамен 70 пайызы көлемінде ғана болады деп болжанған. Соған қарамастан, шілде айының басына қарай оңтүстік су қоймаларында өткен жылмен салыстырғанда көбірек су жиналып, бекітілген лимит аясындағы шаруалар қажетті сумен қамтамасыз етілді.

Осы жағдай әкімдіктер тарапынан бақылаудың қаншалықты тиімді болғаны жөнінде сұрақ туындатады. Себебі барлық шектеулер алдын ала белгілі болғанына қарамастан, кейбір шаруашылықтар бекітілген көлемнен тыс күріш еккен. Соның салдарынан бүгінгі шығынды ең алдымен фермерлердің өздері көтеріп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар