АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қатысты қазіргі жағдайды 1980 жылғы Олимпиада ойындарында АҚШ хоккей құрамасының Кеңес Одағы командасын жеңуімен салыстырды, деп жазады Alash.KZ Orda.kz сайтына сілтеме беріп.
CNN арнасынасы жазғандай, Трамп бұл пікірін 1980 жылғы Олимпиада чемпионы атанған америкалық хоккейшілерді марапаттау рәсімімімен салыстырып айтқан. Сол кездегі тарихи жеңісті еске ала отырып, ол Украинадағы жағдайға қатысты:
«Бұл ұқсас жағдай», – деп мәлімдеді.
Алайда АҚШ президенті бұл салыстырудың мәнін тереңдете түсіндірмей, Украинадағы соғыстың қалай аяқталатынына қатысты нақты болжам жасай алмайтынын жеткізді.
«Не болатынын уақыт көрсетеді. Қазір біз қандай да бір мәмілеге келу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Жақын арада бәрі айқындалады деп ойлаймын», – деді Трамп.
Мақалада атап өтілгендей, АҚШ Украинадағы қақтығысты реттеуге бағытталған 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынғаннан кейін дипломатиялық белсенділік күшейе түскен. Сонымен бірге, Ақ үй осы аптада, егер келіссөздер нәтижесіз деп танылса, қосымша диалогтарға қатыспайтынын мәлімдеген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Германия канцлері Фридрих Мерцпен, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен және Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон арқылы сөйлесу барысында пікір қайшылығына тап болғанын журналистерге өзі хабарлаған болатын.
Сонымен бірге, АҚШ президентінің арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания басшыларымен кездесуі жоспарланып отыр. Бұған дейін Ақ үй келіссөздер нақты нәтиже беретін жағдайда ғана өз өкілін жіберетінін мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Беларусь билігі тыңшылық, терроризм және экстремизм баптары бойынша сотталған 123 азаматқа рақымшылық жасағанын да хабарлады.