Мемлекет басшысы АҚШ-тың жаңа президентімен желтоқсан айының басында телефон арқылы не жайында сөйлескені туралы айтып берді, деп жазады Alash.KZ.
Атамекен бизнес телеграм арнасы жазғандай:
“Иә, Президент Дональд Трамппен мазмұнды әрі ашық әңгіме болды. Ол Қазақстанға АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айта аламын. Біз жоғары деңгейде жұмыс бабындағы байланыста боламыз деп уағдаластық.
Телефонмен сөйлескенде Дональд Трамп Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуға қатысты біздің пікірімізді сұрады. Бұл – мен үшін тың тақырып емес. Өйткені 2024 жылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген басшысы менен осы жөнінде сұраған болатын.
Ерекше жағдай қалыптасып отыр: Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді, ал Украина Батыстағы одақтастарының көмегімен соғыста беріспей, тым болмағанда жеңіліп қалмаудан үміттеніп отыр. Сондықтан бұл мәселенің айрықша күрделі екенін, оның шешімі қақтығысып жатқан екі ел басшыларының ерік-жігеріне және әлемдік держава көшбасшысы ретінде Трамптың өзіне де байланысты екенін айттым.
Қазақстан Украинада әскери іс-қимыл басталған сәттен-ақ бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін айтып келе жатқанын атап өттім.
Біз еш жерде ара ағайын атануға өзіміз сұранып, ұмтылмайтынымызды қадап айтуға тиіспін.
Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз. Бірақ халықаралық мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуге әрдайым дайынбыз. Әрине, халықаралық аренадағы күрделі ахуал біздің белгілі бір елдермен сауда және саяси қарым-қатынасымызға салқынын тигізеді. Сондықтан біз сыртқы үрдістердің жағымсыз ықпалын азайтуға тырысамыз. Қазақстан мүдделі мемлекеттердің бәрімен өзара тиімді прагматикалық байланыс орнатуды көздейді”, - деді Президент.