АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуі мен Дональд Трамптың Путинмен кездесуінің болмай қалуы – бұл «соғыстың белгісі», деп мәлімдейді Alash.KZ Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
«АҚШ – біздің қарсыласымыз. Ал олардың көп сөйлейтін “бейбітсүйгіш” президенті енді Ресеймен соғыс жолына толықтай түсті. Бұл енді – оның қақтығысы», – деп жазды Медведев Telegram-арнасында.
Оның айтуынша, АҚШ-тың шешімдері мен Трамптың мәлімдемелері Ресейге Украинадағы нысандарға «әртүрлі қарумен соққы беруге» мүмкіндік береді.
«Жеңіске тек бір жолмен жетуге болады – шайқас алаңында, қағаз жүзіндегі келіссөздермен емес. Дұшпандарды жойып, мағынасыз “келісімдерге” емес, нақты нәтижеге ұмтылу керек», – деді ол.
22 қазан кешінде АҚШ Қаржы министрлігі «Роснефть», «ЛУКОЙЛ» және олардың еншілес компанияларына санкция енгізген болатын. Вашингтон бұл шешімді «Ресейдің бейбіт процесте шынайы қызығушылығының жоқтығымен» түсіндірді.
Бұдан кейін Дональд Трамп Мәскеуді атысты дереу тоқтатуға шақырды: «Біз бұл сәтті ұзақ күттік», – деді ол. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның Ресеймен диалог орнатуға әлі де мүдделі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Трамп Будапештте Путинмен жоспарланған кездесуін болдырмағанын хабарлады. «Бұл дұрыс болмайтын сияқты көрінді. Біз қажетті нәтижеге жете алмайтын едік», – деді ол. Алайда президент саммит кейінірек өтеді деп сендірді.
Трамп пен Путин 16 қазанда телефон арқылы сөйлесіп, Будапештте кездесу өткізуді талқылаған еді, бірақ нақты күні белгіленбеген болатын. 21 қазанда Financial Times пен The Telegraph саммиттің тоқтатылғанын жазды.
Басылымдардың мәліметінше, шешім 20 қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров арасындағы телефон әңгімесінен кейін қабылданған. Сол күні Трамп тараптарды қазіргі шеп бойынша қақтығысты тоқтатуға шақырған еді.
Алайда Мәскеу қақтығысты «тоқтатып қоюға» қарсы. Ресей ДНР, ЛНР, Запорожье мен Херсон облыстарынан украин әскерін әкетуді және осы өңірлерді, сонымен бірге Қырымды Ресей аумағы ретінде мойындауды талап етуде.
Ал Ресей президентінің шетелмен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өкілі, Ресей тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) басшысы Кирилл Дмитриев Financial Times пен Telegraph-тің мәліметін теріске шығарып, Путин мен Трамп саммитіне дайындық жалғасып жатқанын мәлімдеді.