АҚШ президенті Дональд Трамп 12 елдің азаматтарына елге кіруге толық тыйым салатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
«Сыртқы саясатты, ұлттық қауіпсіздікті және терроризммен күреске бағытталған АҚШ мақсаттарын ескере отырып, келесі 12 елдің азаматтарына елге кіруге толық тыйым салу және шектеу қою туралы шешім қабылдадым: Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалды Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен», – делінген құжатта.
Жарлықта бұл шектеулер АҚШ-қа иммиграциялық және бейиммиграциялық визалар арқылы кіруге қатысты екені нақты көрсетілген.
Сонымен қатар Трамп жеті елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге ішінара шектеу енгізді. Бұл елдердің қатарына Куба, Түрікменстан және Венесуэла кіреді.
«Келесі жеті елдің азаматтарына елге кіруге ішінара тыйым салу және шектеу қою туралы шешім қабылдадым: Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түрікменстан және Венесуэла», – делінген құжатта.