Павлодар облысында қатты аяз кезінде мұз астына түсіп кеткен көліктен аман шыққан төрт балықшы үсіп қала жаздады. Оқиға бүгін таңертең Екібастұз қаласына жақын маңдағы 9-сорғы станциясы аумағындағы су қоймасында болған, деп хабарлайды Alash.kz.
Сағат 07:33-те полицияға Mitsubishi Delica маркалы көліктің мұзды жарып, суға батып кеткені туралы хабар түскен. Оқиға орнына алғаш жеткен учаскелік инспектор Архар Оспанов балықшылардың жағдайы аса ауыр екенін анықтаған.
Қатты аяз салдарынан судан шыққан ер адамдардың үстіндегі дымқыл киімдері бірден мұз болып қатып, қозғалу мүмкіндігінен айырылған. Полицейлер оларды құтқару үшін шалбарларын қайшымен кесуге мәжбүр болған.
«Балықшылар қатты үсіп қалған. Киімдері мұзға айналғандықтан, оларды бірден көлікке отырғызу мүмкін болмады. Полицейлер шалбарларын кесіп, жылы жерге жеткізді», - деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Құтқарылған төрт азаматқа жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, «дене мұздауы» диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда, ешқайсысы ауыр жарақат алмаған.
Ал балықшылар мінген жол талғамайтын көлік су түбіне кеткен. Қазіргі ауа райының қолайсыздығына байланысты көлікті мұз астынан шығару мүмкін болмай отыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, балықшылар қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Мұздың жұқаруы мен қатты аязға қатысты бірнеше рет жасалған ескертулерге қарамастан, олар су қоймасына көлікпен шыққан. Құрал-жабдықтарын түсіру кезінде көлік мұзды жарып, суға батып кеткен.