Кеше президент үкімет отырысында елді мазақ ету бойынша ешкімнің атын атамаса да, Қазақстанның атауын әртүрлі сөзбен мазақтайтындар ішінде депутаттар да барын айтқан, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
Президент осы ескертуді айтқан кезде сізді меңзеді деп ойлайсыз ба? – деп сұрақ қойды журналистер.
Мен президентпен толық келісемін. Расында да, біз өз елімізді, өз мемлекетімізді сыйлауымыз керек. Әсіресе, шетелдік инвесторларды, туристерді шақырған кезде оларды не үшін шақырып отырмыз? Мақтану үшін бе, әлде жамандау үшін бе? Бұл жерде президенттің сөзі өте орынды, өте дұрыс. Ары қарай да біз сол жолдан таймауымыз керек, – деді ол.
“Бұдан былай айыппұл мәселесін көтерген кезде Штрафстан деп айтасыз ба?” деп те Перуашевке сұрақ қойылған. Депутат “парламентте ресми түрде сөйлеуге міндеттіміз” деді. “Сонда сіздің бұлай айтқаныңыз дұрыс болмады деп ойлайсыз ба”? деген сұраққа “ол жерде басқаша айтқанын” жеткізді.
Мен бұл жерде жауапкершілікті заңбұзушылықтың ауыртпалығына сай болуы керектігі туралы айтқанмын. Терминді пайдаланғаным дұрыс емес болды, рас. Мойындауым керек. Ал негізі көзқарасым сол күйі қалды. Жазалау деген заңбұзушылық сай болуы керек деп санаймын, – деді ол.