Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан «Талибанды» лаңкестік ұйымдар тізімінен неге алып тастады?

04:45, 15 ақпан 2024 330
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйледі. Сол кезде президент Қазақстан «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен неге алып тастағанын түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қатардың бітімгерлік рөліне және әлемдегі көптеген жанжалды, соның ішіндегі Палестинадағы жағдайды реттеуді көздеген мәмілегерлік әрекеттеріне жоғары баға берді.
«Зорлықтан тек зорлық туады. Мұның салдары Таяу Шығысқа да, басқа елдерге де ауыр тиеді. Сондықтан қақтығысты одан әрі ушықтырмау үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жағдайды ымыраласуға қарай бейімдеп, екі мемлекеттің қатар өмір сүру мүмкіндігін қарастыратын шешім табу үшін барлық мүдделі тараптар, соның ішінде өңірлік серіктестер мен әлемдік көшбасшылар айрықша күш-жігер жұмсауы керек. Бұл ретте Қатардың дамылсыз әрекеттерін, әсіресе, оның дағдарысты реттеуге және өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, қантөгіс пен қайғы-қасіретті тоқтатып, маңызды бітімгерлік процесті ілгерілетуге бағытталған белсенді дипломатиясын тағы да құптаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, Қатармен көпжақты серіктестіктің орнықты дамуы өңірдегі, әсіресе, Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты.
«Қазақстан БҰҰ арналары және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Ауғанстанға көмек көрсетіп келеді. Аталған елмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан «Талибан» қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізімінен алып тастады. Бұл қадам, сондай-ақ еліміздің Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы Ауғанстанның әлемдік қоғамдастыққа қосылуына септігін тигізеді деп санаймыз. Сонымен қатар бұл ауған халқына гуманитарлық қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар