Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады, деп хабарлайды Alash.KZ сайты.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және негізгі даму бағыттарының іске асырылуы туралы баяндалды.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, қала экономикасында оң динамика байқалады: 2025 жылдың қорытындысы бойынша өсім 6,5 пайызды құрады, ал биылғы қаңтар-ақпан айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 9,4 пайызға жетті. Негізгі көрсеткіштер өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салалары есебінен құралады.
Алматы еліміздің IT секторында жетекші рөл атқарады. Цифрландыру аясында Almaty AI Park қалыптасып, жасанды интеллект негізіндегі бейнемониторинг пен талдау жүйесі дамып келеді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Almaty AI Park жобасын жеделдету, сондай-ақ LRT және SkyTrain жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.