Атырауда ЖИТС-тің алдын алу орталығының директоры қарамағындағы қызметкерін «топас» деп балағаттағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Alash.kz Kozachkov offside телеграм каналына сілтеме жасап.
Атырау облыстық ЖИТС-тің алдын алу орталығының директоры Айгүл Құдаманова қарамағындағы қызметкерін қорлағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы сот материалдарында айтылған.
Іс Атырау қаласының №2 сотында қаралды. Жәбірленуші ретінде директордың орынбасары Луиза Ақбанова танылып, ол басшысына қатысты Қылмыстық кодекстің 131-бабы («Қорлау») бойынша жеке айыптау тәртібімен сотқа жүгінген.
Даудың туындауына Ақбанованың қызметін қысқарту мәселесі себеп болған. Осыған байланысты ол облыстық Денсаулық сақтау басқармасына шағым түсірген. Кейін мекемеге арнайы комиссия келген кезде директор қарамағындағы қызметкеріне «топас» деген сөз айтқан.
Сот барысында комиссия мүшелерінің екеуі бұл сөзді естімегендерін айтқанымен, кәсіподақ өкілі болған үшінші мүше оны хаттамаға енгізген. Бұл іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі ретінде қаралды.
Сондай-ақ сотта «топас» сөзінің қорлау болып саналатынын анықтау үшін бірнеше филологиялық сараптама зерттелді. Сарапшы-филолог Даурен Рабилов аталған сөздің адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын тілдік белгілері бар деген қорытынды жасаған.
Ал қорғау тарапының маманы Рахила Карымсақова бұл сөзді ауызекі тілдегі қалыпты лексикаға жатқызып, оның адамның ақыл-ой қабілетіне қатысты бағалау пікірін білдіретінін алға тартқан.
Дегенмен, тағы бір филологиялық зерттеу авторы Салтанат Жұмағазиева «топас» сөзі адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлайтын сөз деген қорытындыға келген.
Нәтижесінде сот Айгүл Құдаманованы Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық өтемақы, 500 мың теңге өкілдің қызметі үшін, сондай-ақ 400 мың теңге сараптама шығындарын өтеуге міндеттелді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.