Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Толығымен жоюды жоспарлап отыр…»: Зейнетақы жинақтарына қатысты маңызды жаңалық шықты

15:09, 11 шілде 2026

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдың басынан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті толығымен жоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Министрлік 2003 жылдан бері қолданылып келген бұл норманың алынып тасталуы мемлекеттің зейнетақыны сақтаудан бас тартуын білдірмейтінін мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, мемлекеттік кепілдік кезінде азаматтардың өз қаржысын басқаруға мүмкіндігі болмағандықтан, мемлекет инфляция мен нақты кіріс арасындағы айырмашылықты өтеуді өз мойнына алған болатын. Қазіргі уақытта салымшылардың басқарушы компания мен инвестициялық стратегияны өздігінен таңдау құқығы кеңейгендіктен, бұл кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық мәні жойылды.

Еңбекмині өз бетінше таңдау жасаған салымшы тәуекелдер мен шарттарды өзі бағалайтынын, сондықтан оның жеке шешімінің нәтижесін мемлекеттік бюджет есебінен өтеу қоғамдық ресурстарды әділ бөлу принциптеріне сәйкес келмейтінін алға тартты.

Бұл өзгерістер Сенат қабылдаған түзетулерге негізделген. Жаңа ережеге сәйкес, БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы өз зейнетақы жинақтарының 100 пайызға дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Осыған дейін қазақстандықтар үшін бұл шек 50 пайызбен шектеліп келген болатын, енді бұл тосқауыл толық алынады.

«Мемлекеттік кепілдікті төлеу біржолғы өтемақы сипатына ие екенін және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтінін де ескеру қажет. Тиісінше, бұл кепілдікті сақтау зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейін қамтамасыз ету үшін айқындаушы фактор болып табылмайды. Бұл ретте ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуден бас тартуын білдірмейді. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда қала береді», — деп нақтылады министрлік өкілдері.

Осылайша, Әлеуметтік кодекстің 217-бабынан мемлекеттің зейнетақы төлемдерін алушыларға міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген сомасын инфляция деңгейімен бірге сақтауға кепілдік беретін нормасы жойылады. Қолданыстағы кодексте кірістілік инфляциядан төмен болған жағдайда мемлекет айырмашылықты төлеуге міндетті еді, ал жаңа түзетулер күшіне енген соң бұл міндеттеме күшін жояды. Сондай-ақ кодекстен мемлекеттік кепілдік беру мен өтемақыны есептеу тәртібін реттейтін 218 және 219-баптар да толықтай шығарылып тасталады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар