Әншісі Жазира Байырбекова Revue News порталына берген сұхбатында болашақ келініне қатысты көзқарасын ашық айтты, деп хабарлайды Alash.KZ.
Өнер иесінің сөзінше, ол келінге арнайы талап қоюды жөн көрмейді, ең бастысы – балаларының бақытты болуы. Әнші «келінді келіндей көру керек» деген қатаң ұстаныммен келісе бермейтінін жеткізді. Оның пайымынша, әр отбасыда әділдік болуы тиіс.
«Менің қызым бір үйге барғанда қалай қабылданғанын қаласам, келінімді де солай қабылдағым келеді. Әділдік болуы керек. Өз қызыңның бақытын қалай қаласаң, келініңнің де бақытты болғанын қалауың керек», – деді Жазира Байырбекова.
Сонымен қатар, әнші отбасындағы қуанышты жаңалықты да ишарамен жеткізді. Оның айтуынша, тойдың ауылы алыс емес сияқты.
– «Тойдың ауылы жақын. Осы жылқы жылы деп отырмыз», – деп жылы жымиды өнер иесі.
Желі қолданушылары әншінің бұл пікірін жылы қабылдап, оның қарапайымдылығы мен өмірлік тәжірибесіне тәнті екенін жасырмады. Көпшілік Жазира Байырбекованың өз басынан өткен қиындықтарды жария етпей, сабыр мен түсіністік танытып жүргенін атап өтті.
Пікірлер арасында:
«Керемет айтылған», «Пешенеге жазылғанын көресіз», «Келін деген де – адам, құрметке лайық», – деген қолдаулармен қатар, «Келін өз орнын білуі керек», «Келінді қыз деу үшін соған лайық болу керек» деген пікірлер де жазылды.
Қалай десек те, Жазира Байырбекованың бұл сұхбаты отбасылық құндылық, әділдік пен адамгершілік тақырыбын қайта қозғап, көпшілікті ойландырғаны анық.