«Өнер қырандары» театрының актері Жанболат Найзабеков өміріндегі қиын кезеңі туралы ашық айтып, көп жыл бойы іште сақтаған жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында өнер иесі дәл үйлену тойы өтетін күні ауыр жол апатына түскенін және сол қайғылы сәтте келіншегінің ең жақын құрбысы оқиға орнында көз жұмғанын еске алды. Қаралы оқиғадан небәрі 20 минут бұрын марқұм бойжеткен актермен көліктегі орындарын ауыстырған екен. Қайғылы жағдайдың егжей-тегжейін баяндаған актер журналистке берген сұхбатында мынадай төл сөзін келтірді:
«Ең қиыны — ата-анасына, менің келіншегіме естірту болды. Келіншегіме екі-үш күндей өтірік айттым. Өйткені оның артқы лобовой әйнек басын жыртып жіберген, қан тоқтаған жоқ. Кинолардағыдай той көйлегі қып-қызыл қан болды. Ол кезде инстаграм жоқ еді, бірақ «Өнер қырандарындағы» Мадияр мен Жанболат қайтыс болып кетіпті деген қауесеттер тарады. Тойымыз болмай қалды».
Жанболат Найзабековтің айтуынша, марқұмның отбасына суыт хабарды оның өз әкесі жеткізген. Орны толмас ауыр соққыдан кейін жұбайы Іңкәр терең депрессияға түсіп, қатты күйзелгенін жасырмады. Арада жылдар өтсе де бұл жараның сыздап тұрғанын жеткізген актер сөзін былай деп толықтырды:
«Үлкен жара болып қалды. Ата-анасымен жүздестік, кешірім сұрадық. Басына барып, Құран оқыдық. Арада қанша жыл өтсе де, бұл туралы еш жерде тіс жармаған едім, айтудың өзі өте қиын».
Сондай-ақ өнер иесі 400 адам шақырылып, Алматыдан арнайы әріптестері келген ауқымды тойдың тоқтатылғанын атап өтті. Кейіннен жағдай сәл де болса саябырсыған соң, жақындарының арасында тек шағын беташар жасаумен шектелген. Актер алдағы уақытта өтпей қалған сол үйлену тойын атап өту жоспарда барын да айтты.