Тимур Құлыбаев экс-президент Назарбаевтың билігі тұсында жинақталған байлыққа қатысты тергеу аясында мемлекетке шамамен 1 млрд доллар төлеуді көздеп отыр. Бұл туралы Blomberg-ке келіссөз жайын білетін, бірақ есімдерін атамауды сұраған екі дереккөз хабарлаған деп жазады Alash.KZ Әшкере арнасына сілтеп.
Егер мәміле жүзеге асса, Құлыбаев мемлекетке бірқатар қаржы төлемдері мен инвестициялар салуды қолға алмақ.
Бұл төлемдер оның кінәсін мойындау ретінде қабылданбайды деп атап өтті дереккөздер.
Құлыбаевтың өкілі тікелей түсініктеме беруден бас тартып, “үкіметпен арадағы мәселеге байланысты кез келген аударымды активтерді қайтару деп атау қате” екенін айтқан. Сондай-ақ ол бизнесменнің ел дамуына ұзақ жыл бойы үлес қоcқанын және алдағы уақта да үкіметпен өзара іс-қимылды жалғастыратынын мәлімдеді.
Бас прокуратура өкілдері келіссөздердің құпиялығын алға тартып, пікір білдіруден бас тартыпты. 2023 жылы қабылданған заңға сай Тәуелсіздік алғалы мемқұрылымдарда қызмет етіп немесе онымен байланысы болған адамдардың 100 млн доллардан асатын активтері қайта тексерілуде.
"Келісімге келу 2022 жылғы дүрбелеңнен кейін билікті нығайтуға тырысқан президент Тоқаев үшін үлкен жетістік", - дейді АҚШ басылымы.