Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады". Бүгін 5 қыркүйек - Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

13:45, 05 қыркүйек 2024 1328

Бүгін 5 қыркүйек - Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Alash.kz ұлттық порталы назарларыңызға Ұлт ұстазының қанатты сөздерін ұсынады. 

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл

***

Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: Үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек

***

Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болу мәселесі

***

Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Бала деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой

***

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы

***

Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі; бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу қисаңдамай, ауытқымай, түзу жүреді

***

Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей; мұнан бұлай хат білудің керектігі онан да аспақшы

***

Ұлтын керек қылып, қалыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы

***

Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді

***

Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады

***

Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек

***

Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, бізде өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік

***

 Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар