Конституциядан орыс тілін алып тастау туралы талап көтерген қоғам белсендісі Елдос Тоқтарбай өзін қызметінен шеттеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды. Ақпаратты Alash.kz хабарлады.
Malim.kz жазуынша қарағанда, Елдос Тоқтарбайды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов оның тіл мәселесіне қатысты жазбаларына байланысты Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен босатқан.
«Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов мені тіл туралы жазған пікірлерім үшін Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме де “орнын босатсын” деп тапсырма берілген. Бұл – қоғамдық негіздегі, ақысыз қызмет еді», – деп жазды Елдос Тоқтарбай.
Ал Мереке Құлкенов Ara Media тілшісіне берген қысқа түсініктемесінде аталған жайттан бейхабар екенін мәлімдеді.
«Ондай жиналыс болған жоқ. Ол жазбаны көрген емеспін. Бұл туралы хабарым жоқ. Бүгін менің уақытым шектеулі, жиналыс өтеді», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мереке Құлкенов жаңа Конституция жобасын қолдайтынын айтып, орыс тілін «өмір бойы бізбен бірге келе жатқан тіл» деп сипаттаған. Сонымен қатар ол Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып тағайындалған кезде «жазушылар оппозицияда болмауы керек» деген пікір білдірген болатын.