Непалда қоғамды сілкіндірген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатыр. Кадрлардан бірнеше адамның арқанға жармасып, әуеге көтерілген тікұшаққа өрмелеп мінуге тырысқаны анық байқалады, деп мәлімдейді Alash.KZ.
Бұл сәтті жерде жиналған халық бақылап тұрған. Жергілікті деректерге сүйенсек, әуе көлігіне отырғандар - елдегі жоғары лауазымды шенеуніктер.
Куәгерлердің айтуынша, министрлер халықтан осылайша қашып құтылмақ болған. Өйткені елде соңғы күндері наразылық толқуы күшейіп, жастар жаппай көшеге шыққан еді.
Еске сала кетсек, 4 қыркүйекте Непал билігі әлеуметтік желілерді бұғаттап, ақпарат алмасуға шектеу қойған болатын. Бұл шешім халықтың ашу-ызасын күшейтіп, елдің түкпір-түкпірінде қарсылық акциялары басталды. Наразылыққа негізінен жастар, яғни Z ұрпағының өкілдері қатысып, қозғалыс “Z ұрпақ төңкерісі” деген атауға ие болды.
Бүгінде елдегі ахуал шиеленісіп тұр. Халық әлеуметтік желілердің бұғатталуына ғана емес, жемқорлық пен билікке деген сенімнің жоғалуына қарсы наразылық білдіруде. Ал бейнежазбадағы министрлердің әрекеті қоғамның ашу-ызасын одан әрі күшейтіп, билікке деген сенім дағдарысын тереңдетіп жіберді.