Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімхановтың арасындағы дауға қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«Әкімдікте болған жағдайға байланысты тексерістер басталды. Мемлекеттік істер қызметі де өз бағасын береді. Қазір уәкілетті органдардың жауабын күтіп отырмыз», - деді Ербол Мырзабосынов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министр өз сөзінде екі спортшы да мемлекеттік қызметке тағайындалмас бұрын барлық критерийден өткенін айтты.
«Серік Сәпиев депутат болған, министрліктің дене шынықтыру және спорт комитетін үш жылдай басқарды, Ұлттық олимпиада комитетінде қызмет атқарған азамат. Елімізде 16 олимпиада жеңімпазы болса, соның біреуі сол кісі және өз туған өлкесіне барып өз тәжірибесімен, өзінің өткен жолымен бөлісуге жіберілген болатын. Ал орынбасары бойынша айтарым, ол да арнайы критерийлер арқылы мемлекеттік қызметке өткен. Спортта да мансабы бар. Жалпы басқарма басшысын да, оның орынбасарын да жергілікті әкімдік тағайындайды», - деді министр.