Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Таза Қазақстан: Экологиялық акциялар мен туризмнің өзара байланысы

12:29, 31 шілде 2024 555

Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тұрғындар арасында зор қолдауға ие болды. Жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 160 мыңнан астам адам атсалысты.

11 шілде күні Жетісу облысының жастары «Таза Қазақстан» және «Игі істер» марафоны аясында «Жинаquest» атты экологиялық квест өткізді. Шараға белсенді жастар, эковолонтерлер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Шараның мақсаты — жастар мен жасөспірімдерге қоршаған ортаның тазалығының маңыздылығын көрсету және өз үлестерін қосуға ықпал ету. Квест барысында қатысушы командалар Талдықорған қаласының аумағын қоқыстан тазартып, танымдық сұрақтарға жауап берді және түрлі кедергілерден өтті. Викториналық сұрақтар Жетісу өңірінің тарихы, табиғи маңызды орындары мен киелі жерлері туралы болды.

«Жетісу жастары» КММ директоры, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Ақболатов: «Тазалық шараларын үйреншікті сенбілік форматынан шығарып, жаңа форматта өткізу жастардың қызығушылығын арттырып, оларды табиғатты қорғауға жұмыла кірісуге үндейді. Осы арқылы жаңа буын өкілдері арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыра алатынымызға сенімдімін», — деп пікірін білдірді.

Сонымен қатар, Көксу ауданында «Таза аула» және «Таза көше» байқауларының қорытындысы жарияланды. Республикалық акция аясында өткізілген байқау ауданның барлық 10 ауылдық округінде ұйымдастырылды. Сенбіліктер өткізіліп, ең таза көшелер мен аулалар анықталды. Ең таза аулаларға арнайы тақтайшалар ілініп, тұрғындар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Көксу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілов: «Тазалық акциялары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі. Жастар ғана емес, аға буын мен жас ұрпақ бірге атқарған тазалық шаралары туған ауылымызды қайта түлетті. Бар игіліктің бастауы — тазалықта. Осыны әр қазақстандық ұғынса деймін», — деді.

«Таза Қазақстан» акциясына өңір спортшылары да белсенді қатысуда. Әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда спортшылардың өңір тұрғындарын тазалыққа үндеген мотивациялық бейнероликтері кеңінен таралуда. Ауыр атлетикадан әлем чемпионы Ақмолда Сайрамкез: «Спортта да, ел табиғатын аялауда да ортақтық бар — екеуінде де жауапкершілік пен патриоттық рух аса маңызды рөл атқарады. Дәл сол себепті біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бірлесіп үлес қосуымыз керек», — деді.

Сонымен қатар, Ақсу өзені мен Жалаңаш көлінің жағалауында 100 адамның қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілді. «Алакөл Экосистема» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Күлдария Бектемісова: «Әр адам өзінен бастағанда ғана игі іс нәтиже бермек. Табиғатты аялау — тұтас ұлттың, оның ішінде Отанын сүйген әр азаматтың қасиетті борышы. Табиғат-Ана біздің өңірімізге сонша әсемдікті дарытқан. Сол мекендерді аялап, келер ұрпаққа жеткізу үшін осындай акциялар қажет», — деген пікірін білдірді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында 1183 техника жұмылдырылып, 6337 тонна қоқыс шығарылды, 2226 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар 25 826 м² автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды.

Экологиялық акциялар Жетісу облысында туризмді дамытуға да ықпал етеді. Таза және жақсы сақталған табиғи орындар туристерді тартып, олардың қызығушылығын арттырады. Ақши ауылы Алакөл көлі жағалауындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жансая» жазғы сауықтыру лагері де осындай игі істердің нәтижесін көруде. Лагерьде осы жазда 103 бала тегін демалды, ал маусым соңына дейін 165 бала демалады деп жоспарланған. Мұнда балаларды оңалтуға барлық жағдай жасалған. Активті демалыс оларды сауықтырумен қатар, әлеуметтік бейімделуге оң ықпалын тигізеді. Лагерьдің заңды өкілдерімен бірге балаларды қабылдау бойынша тәжірибесі де артып келеді.

Осылайша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жетісу облысында табиғатты қорғау, тұрғындар мен туристер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туризмді дамыту мақсаттарына қызмет етеді. Бұл шаралар өңірдің табиғи әсемдігін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге үлес қосады.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар