Жергілікті тұрғындар бір кездері өздерінің мейрамханасында кедей-кепшікті тегін тамақтандырған ерлі-зайыптының қайырымдылығын еске алуда. Оларды өз ұлы өлтірді деген күдік бар, деп хабарлайды Alash.kz.
69 жастағы Хоа Тек Чием мен 68 жастағы Хеанг Ким Гау 30 қараша күні таңғы сағат 9:40 шамасында Сиднейдің батысындағы Кембридж-Парк ауданында орналасқан Buzzy Bee’s Burger House дәмханасынан өлі күйінде табылды.
Келесі күні, сағат 12:30 шамасында полиция олардың ұлы, 31 жастағы Аллан Чимді Кэнли-Хайтс ауданындағы үйден ұстап, оған екі адамды өлтірді деген айып тақты.
Демалыс күндері жүздеген жергілікті тұрғын ерлі-зайыптының бургерханасының алдында шам жағып, марқұмдарды еске алып, олардың қайырымдылығына ризашылық білдірді.
«Мен олардың ақшасы жоқ адамдарға тамақ беріп жатқанын талай көрдім», – деді жергілікті тұрғын Брайан Донован 7News арнасына берген сұхбатында.
Тағы бір тұрғын: «Олар қауымдастықтағы әр адамға көмектесетін. Олардың қазасы бәрімізге үлкен соққы болды», – деп еске алды.
Басқалары еске алу шарасында: «Біз олардың жарқын бейнесін мәңгі сақтаймыз», – деді.
Чием мен Гаудың үлкен ұлы қайғылы оқиға орнынан ата-анасының денелерін тауып, полицияға жүгінген.
Аллан Чим Рождествоны қамауда өткізеді. Өйткені жексенбі күні Парраматта соты оны кепілдікпен босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Қаңтар айында оның ісі Пенрит жергілікті сотына берілді.
Чимнің қорғаушысы Мұхаммед Сакр оның психикалық жағдайын тексеру үшін түзету мекемесіне өтініш жолдады. Бұл тексеру жаңа жылда сот отырысы қайта басталғанға дейін жүргізілуі керек.
Кейінірек қорғаушысы Чимнің сенбі күні бургер орталығының шатырында жүрген сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын растады.
«Әр айыпталушының заңды қорғауға құқығы бар», – деді Мұхаммед Сакр Nine News арнасына берген сұхбатында.
Ерлі-зайыптылар өз бизнесіне адал қызмет еткендерімен танымал болған. Олар мейрамханаларын аптаның жеті күні де жұмыс істететін. Марқұмдардың жақын арада зейнетке шығуды жоспарлап жүргені белгілі болды.
Buzzy Bee’s Burger House-тың бұрынғы қызметкерлері бұл жұптың бастықтан гөрі отбасы мүшелері сияқты қамқор болғанын айтты.