Алматы облысында 19 жыл бұрын болған кісі өлтіру қылмысы ашылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Құқық қорғау органдары 2006 жылы жасалған ауыр қылмыс бойынша соңғы күдіктіні анықтап, сот алдына тартты. Алматы облысының соты айыпталушыны 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті.
Қылмыстық оқиға 2006 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында орын алған. Ресми мәліметтерге сәйкес, такси жүргізушісі кейпіндегі үш ер адам Қырғызстан азаматшасын көлікке отырғызып, кейін оны буындырып өлтірген. Қылмыскерлер марқұмның жеке заттарын иемденіп, мәйітін «Алматы-Қапшағай» тас жолының бойына тастап кеткен.
Арада бір жыл өткенде, яғни 2007 жылы күдіктілердің екеуі ұсталып, тиісті жазасын алған болатын. Алайда үшінші айыпталушыға қатысты іс жүргізу тоқтатылып, ол белгісіз себептермен ашылмаған қылмыстардың ресми тізіміне енбей қалған.
Көп жылдан кейін прокуратура қызметкерлері Аида Иманалиева мен Әлия Сәрсекеева өткен жылдардағы істерге мониторинг жүргізу барысында бұл өндірістің негізсіз тоқтатылғанын анықтады. Мәліметтер базасын мұқият салыстыру жұмыстарының нәтижесінде күдіктінің Қарасай ауданында жасырынып жүрген жері белгілі болды.
Құзырлы органдар іздеудегі азаматты 2025 жылдың 9 шілдесінде қолға түсірді. 2026 жылдың 24 ақпанында өткен сот отырысында оның кінәсі толық дәлелденіп, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды.