Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты еліміздің бейтарап екенін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Министрлік өкілі мемлекеттің үшінші елдердің ішкі істеріне араласпау саясатын ұстанатынын нақтылады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев үкіметте өткен брифинг барысында аймақтағы әскери қақтығыстарға қатысты ресми позицияны түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстан тараптардың ешқайсысын қолдамайды және мәселені тек бейбіт жолмен шешуді жақтайды.
Министр орынбасары өз сөзінде: «Біз ешкімнің жағына шықпаймыз. Иранның да, шабуылға ұшыраған елдердің де шашбауын көтермейміз. Біз мұндай әскери қақтығыстардың болмағанын қалаймыз. Алайда олар туындаған жағдайда, шешімді тараптар дипломатиялық келіссөз үстелінде табуы тиіс. Біз мұндай қақтығыстар халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес шешілуі керек деген ұстанымды қолдаймыз және соған шақырамыз. Мұның бәрі аталған халықаралық құжаттарда жазылған. Бұл позициямыз өзгеріссіз қалады», - деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Әлібек Бақаев Қазақстанның халықаралық аренадағы барлық әрекеттері бекітілген құжаттар мен әлемдік құқық нормаларына негізделетінін атап өтті. Министрлік өкілі кез келген даулы түйткілдерді шешуде күш қолдану емес, дипломатиялық байланыстарды нығайту басты орында тұруы қажеттігіне назар аударды.