Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қайтыс болуына қатысты іс бойынша блогер Жан Ахмадиев пен оның тобы марқұм келіншектің үйіне барды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алайда олардың алдынан Мадинаның экс-енесі шығып, үйге кіргізпей қойған. Сондай-ақ марқұмның енесі немересін де көрсетпейтінін баса айтып, баламен жүздесуге тергеу органдары рұқсат берсе өзі көрсететінін жеткізді. Осы сәтте Мадина Рашидқызының анасы көз жасына ерік берді.
Түсірілім барысында күйеуі Мадиярдың анасының бұған дейін жазған аудиохабарламасы да көпшілікке ұсынылды.
«Сіздер өздеріңізді ешқашан кінәлі демейді екенсіздер. Байынан таяқ жесе тыңдамағаны үшін, шеккені үшін таяқ жейді. Мен үшін емес», — дейді Мадиярдың анасы.
Айта кетейік, қайғылы жағдай Меркі ауданындағы Қызыл қыстақ ауылында орын алған. Өзбекстан азаматы болған Мадина Қазақстан азаматы Мадияр Айтмырзамен шамамен екі жыл некеде тұрып, артында сәбиі қалған. Қазіргі уақытта полиция бұл оқиға бойынша «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Марқұмның құрбысы Зейнеп Мусахожанованың сөзінше, Мадина қайтыс болардан бұрын күйеуімен жанжалдасқанын, тіпті одан кеткісі келетінін айтқан. Сондай-ақ олардың арасындағы соңғы керіс балаға алынған «Барни» тәттісіне байланысты туындағаны және марқұмның бұған дейін де отбасындағы мәселелерге шағымданғаны белгілі болды.
Оқиғадан кейін марқұмның туыстары оның денесінде көгерген және жарақат іздерін байқап, өліміне күмән келтірген еді. Туыстары бұл жағдайды адам өлімі нұсқасы бойынша жан-жақты тексеруді талап етуде. Дегенмен, аталған жарақаттар туралы ақпарат сот-медициналық сараптаманың ресми қорытындысы ретінде әлі жарияланған жоқ. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр, ал тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректері құпия ұсталуда.