Әнші Бақыт Тұрман психолог әрі коуч Айнұр Бектұрғанның ақылы курс өткізіп, зергерлік бұйымдарды ерекше мән беріп қымбатқа сату тәсілін сынға алып, әлеуметтік желіде арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі бұған дейін бұл маманды тегін пайдалы кеңестер бөлісетін тұлға ретінде құрметтегенін, алайда кейіннен оның ақылы тренингтер ұйымдастырып, енді әшекей бұйымдарды асыра мақтап сатуға көшкеніне көңілі толмайтынын білдірді. Бақыт Тұрман коучтың «бір сотуарға бүкіл аналардың махаббатын сыйғыздық» деген сыңайдағы жарнамалық тәсілін шынайылыққа жанаспайды деп санайды. Ол бұл әрекет бұдан бұрын осыған ұқсас жарнамалар жасаған Айнұр Тұрсынбаева мен Ерке Есмаханның салған сара жолын қайталау деп атады.
Ол өз сөзінде коучтың әрекетіне нақты тоқталып: «Сізді осыған дейін тыңдап, ойларыңызға тәнті боп жүр едім. Әйтеуір халықтың қалтасына түспей, тегін ақыл адам табылды ау деп, бірақ разогрев жасап жасап келіп, әңгімеңізге аңқау әйелдерді байлап алып, сонша ақшаға тренинг өткізіп, енді мынау Айнур Тұрсынбаева, Ерке Есмахан сынды пустышка әшекейлерді удай қымбат ақшаға сатуыңыз дұрыс болмады. Тағы бір лохотрон өкінішке орай, тағы бір аңқау халықтың кіршіксіз көңілін жаулаған, жалған үміт таққан, қиындығына қиындық қосқан әрекет! Жағдайыңыз жаман емес сияқты түр әлпетіңізге қарасам, соншалықты ақыл болса, жеткізгіңіз келсе, тегін-ақ істесеңізші! Сол сіздің әкесіңізден қалған ақылды пайдаға жаратып, Алла разылығы үшін істеген амалыңыз болсын!», – деп сөкті.
Әнші мұндай қадамдарды «жалған үміт сатумен» теңестіре отырып, қарапайым бұқараның сенімін ақша табудың құралына айналдыруға болмайтындығын баса айтты.
Сөзін одан әрі сабақтаған Бақыт Тұрман: «Сырт көзге жағдайыңыз жақсы адам сияқтысыз. Егер адамдарға айтар ақылыңыз, берер біліміңіз болса, оны Алланың разылығы үшін де бөлісуге болады ғой», – деп өз ойын түйіндеді.
Бұдан бөлек, әнші қалың бұқараны әлеуметтік желідегі әртүрлі жарнамалар мен орындалмайтын уәделерге байыппен қарауға, жеңіл жолмен байып кетуге үндейтін немесе киелі қасиет телінген бұйымдарды сатып алмас бұрын әрбір қадамды мұқият саралауға шақырды.