Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Тағдыршешті сәт…”: Мәулен Әшімбаев Президент реформаларының айналасына топтасуға шақырды

20:08, 08 маусым 2026

Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясындағы Сенаттың жұмыс жоспарын талқылап, 11 маусымға жоспарланған Палата отырысының күн тәртібін айқындады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Alash.kz.

Сенат Спикері атап өткендей, 1 шілдеден бастап мемлекеттілікті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа Конституция күшіне енеді. Осы ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асыру үшін Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды Әділетті Қазақстан құру жолында Мемлекет басшысының реформалар бағыты төңірегіне топтасып, бірлік танытуға шақырды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Соның аясында жаңа Конституциямыз қабылданып, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Басты мақсат – Тәуелсіздігімізді нығайту, мемлекеттілігімізді күшейту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Көздеген мақсатқа жету үшін реформалардың жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл жолда ұлт болып ұйысып, елдік пен ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсету айрықша мәнге ие. Сондықтан, осындай тағдыршешті сәтте Мемлекет басшысының саяси бағдарының айналасында топтасу аса маңызды», – деді Палата Төрағасы.

Сонымен қатар Бюро мүшелері алдағы Палата отырысында «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды, сондай-ақ оған ілеспе «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңына ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарау туралы шешім қабылдады.

Күн тәртібіне сондай-ақ бірқатар халықаралық келісімді ратификациялау, газбен жабдықтау және электр энергетикасы, цифрландыру және дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы мен көліктегі озық технологияларды реттеу, жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы, сондай-ақ ара шаруашылығы мәселелеріне қатысты салалық заңдарды қарау енгізілді.

Атап айтқанда, сенаторлар бастамашы болған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар түзетуді қамтиды. Атап айтқанда, Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, терроризмге қарсы операцияларға қатысқан кезде және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету барысында ақшалай үлесті үш еселенген мөлшерде төлеу көзделген.

Елдегі телекоммуникациялар нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын одан әрі дамытуға, байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған келесі құжат – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

Отырыс барысында депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп қарау мәселесін де талқылады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар