Мас алматылықтар қала орталығында СОБР қызметкерлеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Алматыда үш мас ер адам кезекшілікте тұрған СОБР қызметкерлеріне шабуыл жасады.
Оқиға 22 ақпан күні таңертең Назарбаев даңғылында болған.
Төбелестің видеосы Instagram-дағы krisp_almaty парақшасында жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, СОБР қызметкерлері агрессивті ер адамдардың оғаш қылықтары туралы шақырту алған.
Арнайы жасақ оқиға орнына келгенде физикалық күш қолданбай, жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытқан.
Алайда куәгерлердің сөзіне сүйенсек, шабуылдаушылар құқық қорғау органдарында таныстары бар екенін айтып, қоқан-лоқы көрсеткен.
“Аталған факті бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы шара қабылдады. Құқық бұзушылар қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүру, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау баптары бойынша ұсталып, жауапкершілікке тартылды”, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл іс бойынша материалдар сотқа жіберіледі.