Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сұмдық жағдай: Петропавлда түнгі клуб маңында төбелес шығып, 17 жасар жасөспірімді пышақтап кетті

17:58, 03 қараша 2024 1898

Петропавлда түнгі клубтың маңында жасөспірімдер арасында төбелес болып, 17 жасар бала пышақ жарақатын алған, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Qazaqstan Media хабарлауынша, оқиға кеше, яғни қарашаның екісі сағат кешкі жетілер шамасында болған. Интернационал көшесі бойындағы «Қазақстан» кинотеатры маңында төбелес болып, жасөспірімдердің бірі екіншісіне пышақ тығып алған.

«Жарақат алған 17 жасар бала жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Оның арқасына пышақ тығып алған. Жасөспірімге ота жасалды. Ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқиға орнына жеткен полицейлер қылмыс жасады деген күдікпен кәмелетке толмаған облыс орталығының тұрғынын ұстады. Қазір аталған оқиғаға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қазір баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жасөспірімнің ата-анасын жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралуда. Кәмелетке толмаған бала да профилактикалық есепке алынды. Қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізу бойынша шаралар қабылдануда», — делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, кеше «Қазақстан» кинотеатрының ғимаратында орналасқан 5/15 түнгі клубында жастарға арналған мерекелік шара өткен. Жасөспірімдер онда Хэллоуинді тойлау үшін жиналған. Ондай шара еліміздің бірқатар қалаларында ұйымдастырылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар