Ақтауда 18 жастағы мүгедек жігіт ұрланып, зорланған, деп хабарлайды Alash.kz.
Адвокат Ажар Әбділ Ақтауда 18 жастағы, бала кезінен мүгедек жігіттің ұрланып, зорланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары оқиға орын алған сәттен бері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тәркілеп, қажетті сараптамаларды тағайындамаған.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы полициядан істі мұқият тергеуді талап етті.
Facebook желісінде Ажар Әбділ 2024 жылғы 27 желтоқсанда Ақтауда сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын жазды.
“Оқиғадан кейін жәбірленушінің анасы Ақтау қаласының полиция басқармасына дер кезінде арыз жазды. Бірақ әлі күнге дейін қажетті сараптамалар тағайындалмады. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар да алынған жоқ, ал оларда орталықтан ақ түсті жол талғамайтын көліктің қорғансыз адамды алып кеткені анық көрінеді. Бұл көліктің қозғалыс бағытын анықтау да қиын емес.
Маңғыстау облысының прокуратурасы, бейнежазбалар екі айға дейін сақталады – бұл факт! Ақтау қалалық полиция басқармасының бастығы Айдар Қасанов, осы іске жіті назар аударуыңызды сұраймын. Істі тергеп жатқан тергеушіге хабарласу мүмкін болмады. Жәбірленушіні қаланың ортасынан көлікке отырғызып алып кеткендіктен, оқиғаның хронологиясын қалпына келтіру қиын емес. Бірақ осыншама камера бола тұра, күдіктінің әлі күнге дейін анықталмағаны таңғаларлық. Сараптамалардың тағайындалмағаны туралы тіпті сөз қозғамай-ақ қояйын,”* – деп жазды адвокат.
Ажар Әбділдің айтуынша, жәбірленушінің анасы жергілікті полицияға сенімсіздік танытуда, себебі қылмыс орын алған алғашқы сағаттарда маңызды тергеу әрекеттері жүргізілмеген.
“Бұл оқиға маған енді ғана белгілі болды, сондықтан тиісті өтініштер бір тәулік ішінде жолданатын болады. Маңғыстау облысының полиция департаменті, қылмыс жасалған уақыттан бері жеткілікті уақыт өткенін ескере отырып, істі біздің облыстық тергеу басқармасына беруді сұраймын,” – деп қорытындылады адвокат.