Алматыда қызды аңдып, оған шабуыл жасаған адамның кім екені белгілі болды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл – небәрі 14 жастағы жасөспірім, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл жағдай туралы ресми ақпарат 9 қыркүйек күні таратылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жасөспірім ұсталды. Ал оның ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Баланың өзі мектепішілік есепке қойылды. Сонымен қатар, бұл дерек бойынша материалдар Түрксіб ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады", – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, полицейлер кәмелетке толмаған жасөспіріммен және оның ата-анасымен психологтың қатысуымен профилактикалық жұмыстар жүргізгенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде шабуыл туралы видео тараған еді. Онда қыздың Түрксіб ауданындағы көшеде кетіп бара жатқаны көрінеді. Оның артынан ер адам біршама уақыт еріп жүріп, жан-жағына жалтақтағаны байқалады. Қыз қақпаға жақындаған сәтте ер адам артынан жүгіріп келіп, қызды қысып ұстап, артынша қашып кеткен.