Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сұмдық: Дүние-мүлік үшін зейнеткерлер мен психикалық ауытқуы бар жандарды ұрлап, зорлап, өлтіруде

10:01, 06 қараша 2024 433

Жылжымайтын дүние-мүліктерін иемдену мақсатында жалғызбасты зейнеткерлер мен психикалық ауытқулары бар адамдарды ұрлап, тіпті өлтірген атышулы қылмыстық топтың ісіндегі үрей тудыратын жайттар ашылып жатыр, – деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап. 

Кезекті сот отырысында ҰҚТ-ның басшысы Г.-ден әпкесін буындырып өлтірді деген айыппен жауап алынды.

Психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері, нотариус қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, риэлторлар, сот-медициналық сарапшылары және басқа да тұлғалар қатысқан сұмдық оқиғаның соты әлі жалғасуда. Қылмыскерлер психикалық ауруға шалдыққан жалғызбасты адамдар туралы ақпаратты әлеуметтік қызметкерлер мен психикалық денсаулық орталық дәрігерлерінен алып отырған. Кейбіреулерін жай ұрлап әкетіп, пәтерлерін басқа адамға рәсімдеп, нарық бағасынан төмен сатқан. Ал кейбіреулерін тіпті өлтірген.

Қазіргі таңда 7-8 эпизод қаралуда. 7 эпизод бойынша Г. әпкесін тұншықтырып өлтірді деп айыпталуда. Сот отырысында Г.-ден жауап алынды.

«Мен ешкіммен келіссөз жүргізген жоқпын. Ешкімге қоңырау шалмадым. Мен үйге бардым. Таңертең апама келдім. Есікті Женя ашты. Өлгенін үйге кірген сәтте білдім. Содан кейін жерлеу қызметіне қоңырау шалдым. Олар тексерді. Барлығы үшін жерлеуге 700 мыңдай төледім. Мен құжаттарды бұрмалаған жоқпын. Мен оны тұншықтырып өлтірмедім», - деді Г.

Бұл эпизодқа күдікті Б.-ның да қатысы бар.

«Менің бұл іске қатысым жоқ. Кемпір қайтыс болған соң ғана бардым. Қалада жүргенде Г. хабарласып айтты», - деп ақталды Б.

Г. әпкесіне аяқастынан ауырып өлді деген жалған құжат жасатқан. Сол құжатты жасаған К.-ден жауап алынды.

«Желтоқсанның 22-сі күні таңертең жерлеу қызметінің жұмысшысы Наталья Цой маған қоңырау шалып, егде жастағы әйелдің қайтыс болған жеріне баруды өтінді. Гапарова мені қарсы алды. Бөлмеде басқа да адамдар болды. Әйелдің диагнозын сұрадым: ишемиялық ауру деді. Мәйітті тексермедім. Шеміршектің сынуы өлімге алып келуі мүмкін. Күмәнім болса, тексерер едім. Мен тек құжаттарды жазып бердім. Медициналық тұрғыдан қайтыс болғаны туралы анықтама бердім», – деп жауап берді К.

Жәбірленушілер мен кейбір айыпталушылар бұл іске басқа да полиция қызметкерлерінің қатысы бар деп отыр. Олар бұл оқиға бойынша тергеу жылдар бойы басталмағанын, қылмыстардың нақты айғақтары болғанына қарамастан, іс қозғамағанын айтты.

Сотталушы әрі ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі деп танылған Б. қамауға алынбау үшін тергеушілерге бірнеше миллион теңге бергенін мәлімдеді.

Психикалық науқастарды ұрлады, зорлады, өлтірді

Жұртшылық өкілдерінің бірі бұл іске қатысты айыптау қорытындысын әлеуметтік желіде жариялады. Онда кейбір науқастардың жыныстық зорлық-зомбылық көргені анықталды.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері науқастың пәтері бар екенін 2021 жылдың көктемінде Каблуков көшесіндегі Орталық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісінен білген деген болжам бар. Науқас «параноидты шизофрения» диагнозы қойылған екінші топтағы мүгедек, басында жылжымайтын мүлкі бар және жақын туыстары жоқ екені белгілі болған.

Бөлім меңгерушісі науқасты Психикалық денсаулық орталығынан шығарып, ұрылар арқылы ерік-жігерді басатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар