Тиранада (Албания) өтіп жатқан күрес түрлерінен ІІ әлемдік рейтингтік турнирде әйелдер күресінен 72 келі салмақта ел намысын қорғаған Жәмила Бақбергенова Қазақстан қоржынына алтын медаль сыйлады. Бұл туралы prosports.kz хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
ҚР Күрес түрлері федерациясының баспасөз қызметі атап өткендей, Жәмила Албания астанасы Тирана қаласында бозкілемінде 3 белдесу өткізді. Салмағында балуан аз болғандықтан айналмалы жүйе арқылы өтті.
Отандасымыз алдымен тәжірибелі украиналық Алла Белинсканы 3:1 есебімен жеңсе, екінші белдесуде америкалық Александра Жунис Глаудеден жеңілді. Шешуші белдесуде Аргентина балуаны Линда Мачукадан айласын асырды.
Сондай-ақ, 76 келіде күрескен тағы бір танымал қазақстандық балуан Эльмира Сыздықова қола медаль олжалады. Эльмира алғашқы айналымда ресейлік Валерия Трифонованы қапы қалдырса (8:0), ширек финалда румыниялық Александра Анжелді айқын басымдықпен жеңді (12:1). Жартылай финалда америкалық Димон Гуйлфордқа есе жіберді. Ал қола медаль үшін белдесуде қытай қызы Иангланы тушемен жеңіп турнирдің қола жүлдегері атанды.
Бұған дейін Албаниядағы турнирде еркін күрестен 3 қазақстандық балуан медаль алған. Олар, Болат Сақаев (86 келі) күміс алса, Рустам Мырзағалиев (86 келі) мен Мұхамед Балғабай (61 келі) қола медаль олжаған.
Грек рим күресінен 67 келіде Бағдат Сабаз қола жүлдеге ие болды.