Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын жария етті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына сыйақы төлеу, университеттерді қаржыландырудың өзгеруі, грант бойынша оқығандардың кейбір санаттарын міндетті өтеуден босату, балабақшаларды қолдау сияқты маңызды нормалар біздің бастамамызбен дайындалды.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы екінші оқылымға шығуда.
Талантты оқушыларды қолдау
Енді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары 6 млн теңгеге дейін сыйақы алады. Оларды дайындаған ұстаздарға да біржолғы төлем беріледі. Өткен жылы жеңімпаздарға ҰБТ тапсырмай-ақ грантпен ЖОО-ға түсу құқығы берілсе, бұл шара – сол қолдаудың жалғасы.
Білім ұйымдарына есім беру тәртібі
Енді жекеменшік мектептер белгілі тұлғалардың атын өз бетінше бере алмайды. Ол үшін ономастикалық комиссияның ресми келісімі қажет болады.Университеттерді қаржыландыру
ЖОО қаржыландыруы студент санына емес, сапа көрсеткіштеріне байланысты болады. Бұл бәсекелестікті арттырып, оқу бағдарламаларын жақсартуға жол ашады.Міндетті өтеуден босату
Мүгедек баласы бар немесе ауыр науқас туысын бағып отырған түлектер грантты өтемеден босатылады. Ал шетелде оқуын жалғастырып жүргендерге (резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура) оқуын аяқтағанға дейін кейінге қалдыру құқығы беріледі.Балабақшаларды қорғау
Мемлекеттік балабақшаға бөлінген жерлердің мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Олар сауда орталығына айналмайды, жеке меншікке берілмейді.Сонымен бірге, енді балалар 6 жасқа қыста толса да, жазға дейін балабақшада қала алады. Бұрын қаңтарда 6-ға толған балаларды бірден шығарып тастайтын жағдайлар жиі кездесетін. Ол ата-аналарға үлкен қиындық тудыратын. Енді бұл мәселе шешілмек”,- деп жазды Мәжіліс депутаты.