Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спорт саласы қызметкерлеріне қатысты жағымды жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Депутаттың айтуынша, қыркүйек айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауал өз нәтижесін берген. Үкімет спорт мамандарының еңбекақысын арттыру жөніндегі ұсынысты қолдап, нақты шешім қабылдаған.
"Айтылды – орындалды. Бапкерлердің жалақысы 30% өседі! ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына қыркүйекте депутаттық сауал жолдадым! Нақты ұсыныстар енгіздім, орындалды", – деп жазды Нартай Сәрсенғалиев.
Ресми жауапқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30 пайыз көлемінде қосымша ақы төленетін болады.
Бұл мақсатқа 2025-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылып, Республикалық бюджеттік комиссияның (РБК) шешімімен мақұлданған.
Сонымен қатар, депутат ауылдық жерлерде еңбек етіп жүрген спорт мамандарының да еңбекақысын арттыру қажеттігін көтерген болатын.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен спорт саласы қызметкерлеріне үстемеақы тағайындауға, сондай-ақ ауылдық жерде жұмыс істейтін спорт мамандарына лауазымдық жалақының кемінде 25%-ын құрайтын көтеріңкі ақы төлеуге мүмкіндік берілді", – делінген Үкіметтің ресми жауабында.