Германия аумағында қаза тапқан қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу өкілеттігі Ресей тарапына өткізіледі, деп жазады Alash.kz.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің түсіндіруінше, қазіргі уақытта Қазақстан тарапы фигуранттардың азаматтығын нақтылау мақсатында Ресей Федерациясына халықаралық тергеу тапсырмасын жолдаған. Ресей заңнамасы бойынша өз азаматтарын өзге мемлекетке бермейтіндіктен, іс материалдары толығымен ресейлік құзырлы органдарға әрі қарай тергеу жүргізу үшін берілетін болады.
Ғалымжан Қойгелдиев істі беру процесі Кишинев конвенциясының ережелеріне сәйкес жүзеге асатынын тілге тиек етті. Аталған халықаралық құжат Ресей тарапын кінәлі деп танылған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды міндеттейді.