Солтүстік Қазақстандағы шағын ауылда 16 жастағы оқушы қыз мектеп дәретханасына кіріп, сірке суын ішіп алған, деп жазады Alash.KZ.
Оқиға Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында болған.
Мектеп оқушысы сабаққа келіп, мұғалімнен дәретханаға шығуға рұқсат сұраған. Қыздың жанында 70 пайыздық сірке суы болған. Дәретханаға кіріп, есікті ішінен жауып алған ол бөтелкеден сірке суын ұрттап, ауыр күйік алған. Оны көп ұзамай мектеп қызметкерлері ауыр халде тауып алған.
Оқушы шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген. Кейін тікұшақпен Петропавл қаласына жеткізіліп, қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасында ауыр жағдайда ем қабылдап жатыр.
Оқиға 4 ақпанда болған. Қыздың мұндай қадамға баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Қазіргі таңда білім басқармасы да, полиция да бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.