Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сотта кездескенше!»: Роза коуч пен Данияр имам арасында дау туды

15:57, 01 қазан 2026

Белгілі имам Данияр Кенжеұлы атышулы коуч Роза Әшірбаеваны ашық сынап, оның контенті отбасы институтына қауіп төндіріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Дінтанушының айтуынша, коучтың «Күйеуден сұранудың қажеті жоқ» деген пікірі көптеген отбасының шайқалуына әкеп соғуы мүмкін. Мұндай мәлімдемелер заң аясында құқықтық баға алуы тиіс деп есептейтін имам бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы пост жариялады.

«Сөзі мыңдаған әйелдің отбасылық шешіміне ықпал ететін адамның контенті нақты заң талаптарын бұзса, оған да «қоюшы қой» деп көз жұма қарамай, заң аясында құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылуын талап ету бөлек мәселе. Өйткені біреудің шаңырағын шайқалтатын сөзі «жеке пікір» деп жеңілдетуге болғанымен, сол сөздің астында қалған отбасының тағдырын қайтадан «жеке пікірмен» көтеріп бере алмайсың. Қоғамда әйелге зұлымдық жасап жүрген еркектер бар. Мұны жоққа шығарған адам не өмір көрмеген, не көргісі келмейді. Бірақ бір еркектің зұлымдығын еркектің табиғатына апарып таңу қай әділетке сыяды? Күйеуінен қорлық көрген әйел бар екен деп күйеуді күдікке, енесінен жәбір көрген келін бар екен деп ененi жаулыққа айналдырып жіберсек, ертең отбасының ішінде кім кімге сенеді? Біз зұлымдықпен күресіп жатырмыз ба, әлде зұлымдықтың бір мысалын қолымызға ұстап алып, еркек пен әйелдің ортасына жік салып жатырмыз ба? Осының бәрін неге айтып отырмын? Соңғы уақытта Роза коучтың контентін көрген сайын әйелдің құқығын қорғау деген әңгіменің шекарасынан әлдеқашан шығып кеткенін байқаймын. Мұндай контентке заң аясында құқықтық баға берілуі керек. Отбасы институты кім көрінгеннің контентіне жем болып, қаралымның құрбанына айналатын күнге жетсек — құрыған күніміз сол», — деп жазды Данияр Кенжеұлы.

Өз кезегінде коуч Роза Әшірбаева да бұл жазбаға бейжай қарамай, оған қарсы жауап беріп, істі сотқа дейін жеткізетінін ескертті.

«Данияр мырза, қайырлы таң! Уағызыңыз жамағатыңызға пайда әкеле берсін. Мені заңмен жазалаймын деп өзіңіз заң бұзып отырсыз. Фотоны және есімді заңсыз пайдалану бойынша жауапкершілік: ҚР АК 145-бабы — бейнені келісімсіз пайдалану (өшіру және моральдық өтемақы белгіленеді); ҚР АК 143-бабы — жеке басымның ар-намысы мен беделіме нұқсан келтіру (сот белгілеген өтемақы төленсе); ҚР ӘҚБтК 73-3-бабы — жала жабу. 20 тәулікке қамау немесе айыппұл. Деректер нотариалды тіркелді, материал жойылмаса, іс сотқа беріледі. Ашық парақшадан алсаңыз да заң бойынша менің рұқсатымсыз суретімді, атымды қолдануға құқығыңыз жоқ. Инстаграмның өзіне де шағым тастадым. Сотта кездескенше», — деді Роза Әшірбаева.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар