Парламент Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасына қолдау білдірді, деп жазады Alash.kz.
Бұл құжат еліміздегі психологиялық көмек көрсету саласын жүйелеуге және мамандардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл заңның қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп, оның негізгі мақсаттарына тоқталды.
Қараңыздар! Көшеде самса немесе шаурма сату үшін санитарлық кітапша керек. Яғни, реттеу бар. Сұлулық салонын ашамыз десек, онда да СЭС-тің рұқсаты қажет. Ал, енді дәл сол адамның психикасы мен оның өмірінің ең қиын сәтінде жұмыс істеуі үшін ештеңе де қажет емес. Қазір осындай жағдай болып отыр.
Мәселен, ажырасқан адам күйзелісте, қолында балалары бар. Көмек іздейді де, Instagram-нан бір психолог табады. Әдемі парақша. Бір онлайн мектептің сертификаты мен мыңдаған оқырманы бар. Ол оған соңғы ақшасын береді. Айлап барады. Бірақ, жағдай одан сайын нашарлайды. Шағымданайын десе, бұл сала мүлдем реттелмеген. Міне, соған байланысты біз осы заң жобасын әдейілеп тұрып дайындадық.