Шымкенттегі «Алтын Мерос» мейрамханасында Мирас есімді 13 жастағы жасөспірімнің жұмыс істеп жүріп қайтыс болуы желі қолданушыларының ашу-ызасын келтіріп, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осы қайғылы оқиғадан кейін «2GIS» қосымшасында ашынған тұрғындар мекеме әкімшілігін еңбек қауіпсіздігін сақтамады және кәмелетке толмағандарға ауыр ауыртпалық түсірді деп айыптады. Желіде:
«13 жастағы баламен болған бұл қайғылы жағдай мекеме әкімшілігінің қызметкерлерге салғырт қарайтынын көрсетеді. Мұны жай ғана кездейсоқтық деп түсіндіруге болар еді, бірақ ғимаратта бейнебақылау камераларының жоқтығы қауіпсіздік талаптарының орындалмайтынын дәлелдейді», — деген пікірлер толассыз жазылуда.
Қоғам өкілдері:
«Әкімшілік қайда қараған? Оқиғаға себеп болған бұл залды жабу керек. Ең ауыры — марқұмның анасы жалғыз қалды», сондай-ақ «13 жастағы бала қалай жұмысқа шықты? Неліктен алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеді?» деп, алғашқы көмектің дер кезінде берілмеуіне қатысты сұрақтар қойды.
Бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілгенін хабарлады:
«Шымкенттегі тойханалардың бірінде кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сараптама нәтижесінде жасөспірімнің ауру салдарынан көз жұмғаны анықталды».
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары тексеру барысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша тойхана иесінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.