АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қашан мәресіне жетуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Америкалық көшбасшы бұл туралы Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтып, өз ойын бөлісті. Тілшінің «соғыс өзінің президенттік мерзімінде аяқтала ма?» деген сұрағына Дональд Трамп:
«Меніңше, иә. Негізі бұл соғыс бұдан да ерте бітуі керек еді. Маған бұл ең оңай шешілетін мәселе сияқты көрінген, өйткені мен қос елдің де басшыларымен жақсы тіл табысамын. Мен үшін дәл осы мәселені реттеу ең оңай шаруа болады деп ойлағанмын», — деп жауап берді.
Сонымен қатар, АҚШ Президенті Ресей басшысы Владимир Путинмен арадағы әңгімесіне тоқталып өтті. Ол ресейлік басшыға әрдайым бір сөзді қайталайтынын алға тартып:
«Мен оған әр кез бір сөзді айтамын. Егжей-тегжейіне тоқталғым келмейді, бірақ мен: «Владимир, тоқтайтын уақыт келді. Бұл соғысты аяқтайтын кез жетті», - деймін», - деп ағынан жарылды.
Дональд Трамп Кремль басшысының келісімге келуге ниетті екеніне сенімді. Бұл үдерістің нақты қашан болатыны туралы сұраққа ол:
«Жақын арада. Танго билеу үшін екі адам керек. Бірақ, меніңше, ол мәмілеге дайын» - деп түйіндеді.
Еске сала кетейік, сайлауалды науқан кезінде Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын «24 сағат ішінде» немесе өзінің ұлықтау рәсіміне дейін-ақ тоқтата алатынын бірнеше рет мәлімдеген болатын. Ол бұл уәдесін 2023-2024 жылдар аралығындағы көптеген жиындарда қайталап, оны сыртқы саясатының басты бағыттарының бірі ретінде таныстырды. Дегенмен, 2025 жылдың наурызында АҚШ Президенті бұл сөздерінің біраз мысқыл аралас айтылғанын, ал негізгі мақсаты бейбітшілікке барынша тез қол жеткізу болғанын түсіндірді.
Сонымен қатар, 9 шілдеде Украина Президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен кездескеннен кейін екі ел арасында бейбітшілік орнатудың жаңа мүмкіндіктері пайда болғанын мәлімдеген еді. Сол жүздесу барысында АҚШ Президенті Украина тарапынан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққыларды соғыстың аяқталуын жақындата түсетін эскалациялық қадам болуы мүмкін екенін тұспалдап өткен болатын.