Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Соғысты тоқтату конференциясы: Қытай қатыспайды, Ресей шақырылған жоқ

15:02, 31 мамыр 2024 582

Қытай биыл маусымда Швейцарияда өтетін Украинадағы соғысты тоқтату мәселесіне арналған конференцияға өз өкілдерін жібермейді. Бұл туралы Reuters агенттігі төрт дереккөзіне сүйеніп хабарлады.

Оның алдында Украина президенті Владимир Зеленский желіде Қытай басшысы Си Цзиньпинді саммитке қатысуға шақырған еді. Киев оны конференция деп атайды.

Адамдардың айтуынша, Пекиннің шешіміне оның қойған талаптары орындалмағаны әсер еткен. Олардың арасында саммитте "барлық тарап тең қатысып, барлық ұсыныс адал талқылану" үшін Ресей де, Украина да шақырылсын деген талап та бар. Бұған дейін мұндай талапты Қытай сыртқы істер министрлігі де айтқан еді дейді "Азаттық".

Конференцияға Мәскеуді шақырмады, бірақ Швейцария қақтығысты реттеуге "Ресейдің процеске қатысуы жөн болатынына сенімді". Украина бұл процесті Мәскеудің бұзғанын қаламайды деді Владимир Зеленский. Араағайын елдер арқылы Ресей өкілдерін келесі кезеңге тартуды жоспарлап жатыр деген хабар бар. Ресей шақыру алған жағдайда да кездесуге қатыспайтынын мәлімдеді, Мәскеу Украинадан әскерін шығаруды талқылауға ниеті жоғын айтты.

Швейцария сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, саммитке 160-тан астам делегация шақырылған. "70-тен астам мемлекет бейбіт конференцияға қатысатынын растады, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде", – деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі АҚШ президенті Джо Байден сайлау науқанына қаражат жинау шарасына байланысты Украина бойынша кездесуге бара алмауы мүмкін деп жазған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар