Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Нұржігіт есімді азаматтың жағдайы туралы жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бақытжан Базарбек Нұржігіттің 24 күннен кейін комадан шыққанын айтты.
Оның сөзінше, азамат есін жиып, жақындарын тани бастаған.
Қазір Нұржігіт Тараз қаласындағы ауруханада ем алып жатыр. Оған кәсіби реаниматологтар жан-жақты медициналық көмек көрсетіп жатыр.
«Нұржігіттің жағдайы туралы шұғыл жаңалық!
24 күн. Нұржігіт комадан шықты, оянды. Есін кіргізіп, анасын, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр.
Еліміздің бетке ұстар реаниматологы, Мусаев Гамзат Афендиевич бастаған Тараз қаласының анестезия және реанимация бөлімінің кәсіби реаниматологтары Денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жан-жақты, сапалы ем жасап, Нұржігітті аяғына тұрғызуда.
БАҚ құралдарына ақпаратты бұрмаламай, шынайылыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауды сұраймын.
Дұға тілегін жаудырып жатқан халқыма, еліме рахмет!», – деп жазды Бақытжан Базарбек.