Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген қырғызстандық студенттердің сөзі әлеуметтік желіде қызу талқы туғызды, деп жазады Alash.KZ
Оқиғадан кейін Аруке мен Эдина атты студент қыздар қазақ тілінде бейнеүндеу жасап, Қазақстан және Қырғызстан халқынан кешірім сұрады.
«Интернетте тарап кеткен сөздеріміз үшін кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды», – деді олар.
Қыздардың айтуынша, эфир барысында блогер оларға әдейі арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойып, соның салдарынан даулы пікір айтылған.
Алайда студенттер бұл жағдайдың айтқан сөздері үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз қазақ халқын қорлау болған жоқ. Айтқан сөздерімізге шын жүректен өкінеміз!» – деді студенттер.
Олар Қазақстан және Қырғызстан халқынан кешірім сұрап, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтты.